Шыңдалып, шыңға қарай қанат қақтың, шарықтай түс қарыштап…

Лицей ауласы ерсілі-қарсылы сабылған қалың кісі… Оқушылардың жүздерінде нұр ойнап, көңілдері шаттанып жүр. Қолдарында  қызылды-жасыл құшақ-құшақ жұпар иіс изен гүлдер… 

Тарыдай боп кіріп, Таудай боп шығып келе жатқан 11 сынып оқушылары алаөкпе күй кешіп, дел-хал. Ұстаздары мен тай құлындай тебісіп өскен ыстық ортасы, сәулелі естеліктердің ошағы, балалық шағының мекені болған оқу ордасын қимай тұрған бойжеткендер мен бозбалалар… Құйқылжыған әсем ән мен мыңбір бұрам би… Бәрі бар… достарың мен туысың! Шерленгендей анау көңіл бұрнағы қауышып көрмеген бір бөтен сезіммен бетпе-бет келіп, алабұртып тұр… Толқыныс!

…Сонымен сыңғырлап соңғы қоңырау соғылды!

Бүгін, 25 мамыр – Алматы қаласы, Бостандық ауданына қарасты Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейде «Соңғы қоңырау» соғылуына орай салтанатты-мерекелік ертеңгілік болып өтті.

Оқу жылының аяқталуымен және жазғы демалыс мерзімінің басталуымен мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтаған лицей директоры Жиенбаев Ерұлан Әсентайұлы мектеп бітірушілерге ақ жол тіледі.

Қалыптасқан дәстүр бойынша салтанатты жиында биылғы түлеп ұшқалы тұрған 44 түлектің әрбірінің оқу-тәрбие, өнер-ғылым жетістіктері жайында кеңінен айтылып, үлкен  өмірдің қайсыбір өр-ылдиында болмасын Алтын ұя мектебін жадында тұту – адамшылықтан екендігі туралы ата-аналар ағынан жарылып жылы лебізін білдірді.

Мұнан соң түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеп вальсін орындады. Мерекелік сахна-алаңында музыка пәні мұғалімі Ерназарова Альбинаның қоюымен 11 сынып оқушыларының жаңа ырғаққа құрылған, соны жоба, кең тынысты флешмоб-вальс биі ұйымдастырылды.

Жалпы, 2016-2017 оқу жылы ел көлемінде  136 мың түлек оқуларын аяқтаса, оның 44-і Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінің шәкірттері.

Түлектер саны ең көп аймаққа Оңтүстік Қазақстан облысы (34 200), Алматы облысы (14 700) және Алматы қаласы (10 мыңнан астам) кіреді. Жалпы, алматылық мектеп оқушылары жыл сайын республикалық олимпиадалар мен түрлі ғылыми-жобалық конкурстарда жүделі орындарды иеленіп келеді. Биылғы жылы Алматы мектептерінің 78054 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды. Облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы білім басқармаларының ақпаратына сүйенсек, биыл республикалық мектептерде «Алтын белгі» белгісінен 6280 бітіруші үмітті. Лицей бітірушілерінің  6-ауы «Алтын белгі», 5-еуі «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Ендігі меже – оқушылар барлық сынақтардан сүрінбей-сәтті өтіп, көңілі қалаған Жоғары оқу орнынының студенті атану. Ал ұлт болашағының шын ұстаханасы – лицей қолдан ұшырған қарлығаштарына ақ жолтай айтып, келесі ұрпақтарды тәрбиелеуді жалғастыра бермек. Өзге өзге сынып оқушылары үшін жазғы каникул кездерінде балалар үшін клубтар, үйірмелер, балалар лагерьлері жұмыс істейтін болады.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін түлектердің көптен күткен сәті де келеді. Түлектер суретке түсіп, жақындары оларға құттықтауларын айтты.

 Артта қалып балғын шағы — ертегі,
Дәл бүгіннен басталады ертеңі.
Алып шығар ашық, терең теңізге
Арман атты ақ кеменің желкені.

Бойға жиған салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны
Мәртебесін көтеретін биікке
Жас түлектер — тәуелсіз ел қыраны!

Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Жастық шағың — сағындырар көктемің.
Тілекшің боп тұрады ылғи анаңдай
Алыстағы алтын ұя мектебің…

Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *