Жаңалық мектеп партасынан басталады

«ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі қарсаңында М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейде «Оқушылардың ғылыми-ізденіс шығар­машылық жұмыстары – Ұлттық инновациялық мектеп моделін қалыптастырудың кепілі» атты көрме өтті. Қала көлемінде өткен шараға 40-қа жуық мектеп оқушылары қатысты.

Оқушыларды ақпараттық технология бағытына бейімдеу үшін жоғарғы білікті мамандар мен материал­дық база қажет екені белгілі. «Ұлттық инно­вациялық мектеп» құру ең алдымен мектептің материалдық базасы мен ғылыми-инновациялық әдістемелік жұмыстарын және тәрбие жүйесін жандандыру арқылы жүзеге асады. Осы ретте көрменің есте қа­лар­лық оқиғасы – үш бірдей то­лыққанды зерттеу жүргізу орталық­тары­ның ресми тұсаукесері болды. Олар – «3D графика-робот техникасы кластері», «Судың химиялық қасиет­терін зерттеу зертханасы» мен «Ұжымдық радиостанция-байланыс кабинеті». Шара қатысушылары мен қонақтары бір емес бірнеше зерттеу институттарының жүгін көтер­ген «жас ғалым оқушыларға» сәттілік тіледі.
Алматы қаласының радио әуес­қой­лар ұжымының көмегімен мектепте жапондық трансиверлермен жабдықталған ұжымдық радиостанция жұмысын бастады. Ұзындығы 14 метр болатын мектеп шатырына орналастырылған A-4S «Яги» типті арнайы антеннаның көмегімен Жер бетінің барлық нүктесімен және ғарыш кемелерімен 7 МГц жиілік­тегі радиотолқын арқылы байланыс орнатуға болады. Ұжымдық радиостанцияда 30 оқушы шеберлігін шыңдап, тәжірибелер жүргізіп келеді. Көрме барысында клуб мүшелері алдағы уақытта «ЭКСПО – 2017» жобасын тікелей дүние жүзіне ­насихаттау жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Аталмыш лицейде судың хи­миялық құрамын зерттеуге ар­налған зертхана жұмыс істейді. Зерт­ханада оқушылар судың химия­лық құрамын зерттеуге арналған 20-дан астам зертханалық жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде лицей оқушылары «Алматы қаласы мен қала маңы елді мекендеріндегі су көздерінің топографиялық картасын жасау» атты тұрғындар тұтынатын барлық су көздерінің сапалық құрамын зерттейтін жобаны жүзеге асыруда. Көрме барысында ел назарын өзіне еріксіз тартқан зерттеу көпшіліктің назарын аударды.
Тамашалаушыларды таңдай қақтырып тамсандырған ғылыми-инновациялық жоба жұмыстарымен жете танысқан көрме көрермендері жас өскін ұрпақтың ғылымға мейлінше бейімдігіне жоғары бағасын беріп, жылы лебізін білдіріп жатты. Сондай-ақ көрмеге өз жобаларын ұсынған №191 мектеп, «Білім инновациялық мектептері», С.Демирел атындағы колледж оқушыларының еңбектері көптің назарын аударды.
М.Ганди атындағы ­
№92 мамандандырылған лицейінің Баспасөз бөлімі 

anatili.kazgazeta.kz

  

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *