«Су биотехнологиялары» ғылыми-зерттеу зертханасының жас ғалымдары “ТАҢШОЛПАНДА”

Махатма Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 лицейде алғаш рет суды зерттейтін мектеп зертханасы ашылды. Кәсіби зертхананы дарынды балаларға Asia Waters халықаралық холдингі сыйға тартқан.

Өндіруші компания сыйға тартқан зертхана ауыз су мен емдік суды 19 параметр бойынша толыққанды зерттеуден өткізеді. Сонымен бірге физиологиялық құрамын анықтап, оның адам ағзасына қаншалықты пайдалы, ішуге жарамды екенін зерттеуге мүмкіндік бермек.
Мұндай зертханалар тек ауыз су шығаратын кәсіпорындар мен СЭС-тарда ғана бар екенін айта кеткен жөн.

Айта кету керек, зертхана арнайы жабдықпен толыққанды жабдықталған. Олар: аквадистиллятор, микроскоп, кептіру және сору құрылғылары, қыздыру пештері мен плиталары, судың pH-балансы мен лайлылығын өлшейтін құралдар, спектрофотометр, кондуктометрлер. Сондай-ақ, зертханада оқу жылының соңына дейін толық жететін қажетті жиһаз, ыдыс, қорғаныс құралдары мен химиялық реактивтер бар.

Зертхананың монтажын Asia Waters ғылыми-зерттеу бөлімшесінің мамандары 2016 жылғы желтоқсан айында жасаған. Ал 2017 жылдың басынан бастап лицей оқушылары Алматы мен Алматы облысындағы кей қайнар көздерге талдау жасап үлгерген.

Сонымен бірге, оқушылар химия-биологиялық көрсеткіштері мен минералды құрамы көрсетілген топографиялық карта әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен.

Енді оқушылар Алматыдағы дүкен сөрелерінде сатылатын бөтелкеге құйылған барлық суларға ғылыми талдау жасауды жоспарлап отыр. Олар сатылымдағы сулардың ҚР мемлекетттік сулар стандарты мен ауыз сулардың физиологиялық толыққандылық халықаралық стандарттына сәйкестігін тексермек.

Зертхананы іске қосу аясында лицей оқушылары мен ондағы бейінді оқытушылар құрамы  арнайы жабдықтың жұмыс істеу қағидалары бойынша оқытудан өтті. Сонымен бірге су ерітінділерін әзірлеу мен су талдауын жасау тәжірибесін үйренді.

Бүгінгі таңда Ганди атындағы №92 лицей инновациялық білім беру технологияларының 12 патентіне ие. Лицейдегі оқыту физика-ғарыштық, химия-биологиялық, IT технологиялары секілді үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ал «Су биотехнологиялары» зертханасы пайда болғалы бері жаңа жылдан бастап химия-биология бағытындағы оқушыларға арнап факултативті сабақтар енгізу жоспарда бар.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *