Шыңдалып, шыңға қарай қанат қақтың, шарықтай түс қарыштап…

Лицей ауласы ерсілі-қарсылы сабылған қалың кісі… Оқушылардың жүздерінде нұр ойнап, көңілдері шаттанып жүр. Қолдарында  қызылды-жасыл құшақ-құшақ жұпар иіс изен гүлдер… 

Тарыдай боп кіріп, Таудай боп шығып келе жатқан 11 сынып оқушылары алаөкпе күй кешіп, дел-хал. Ұстаздары мен тай құлындай тебісіп өскен ыстық ортасы, сәулелі естеліктердің ошағы, балалық шағының мекені болған оқу ордасын қимай тұрған бойжеткендер мен бозбалалар… Құйқылжыған әсем ән мен мыңбір бұрам би… Бәрі бар… достарың мен туысың! Шерленгендей анау көңіл бұрнағы қауышып көрмеген бір бөтен сезіммен бетпе-бет келіп, алабұртып тұр… Толқыныс!

…Сонымен сыңғырлап соңғы қоңырау соғылды!

Бүгін, 25 мамыр – Алматы қаласы, Бостандық ауданына қарасты Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейде «Соңғы қоңырау» соғылуына орай салтанатты-мерекелік ертеңгілік болып өтті.

Оқу жылының аяқталуымен және жазғы демалыс мерзімінің басталуымен мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтаған лицей директоры Жиенбаев Ерұлан Әсентайұлы мектеп бітірушілерге ақ жол тіледі.

Қалыптасқан дәстүр бойынша салтанатты жиында биылғы түлеп ұшқалы тұрған 44 түлектің әрбірінің оқу-тәрбие, өнер-ғылым жетістіктері жайында кеңінен айтылып, үлкен  өмірдің қайсыбір өр-ылдиында болмасын Алтын ұя мектебін жадында тұту – адамшылықтан екендігі туралы ата-аналар ағынан жарылып жылы лебізін білдірді.

Мұнан соң түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеп вальсін орындады. Мерекелік сахна-алаңында музыка пәні мұғалімі Ерназарова Альбинаның қоюымен 11 сынып оқушыларының жаңа ырғаққа құрылған, соны жоба, кең тынысты флешмоб-вальс биі ұйымдастырылды.

Жалпы, 2016-2017 оқу жылы ел көлемінде  136 мың түлек оқуларын аяқтаса, оның 44-і Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінің шәкірттері.

Түлектер саны ең көп аймаққа Оңтүстік Қазақстан облысы (34 200), Алматы облысы (14 700) және Алматы қаласы (10 мыңнан астам) кіреді. Жалпы, алматылық мектеп оқушылары жыл сайын республикалық олимпиадалар мен түрлі ғылыми-жобалық конкурстарда жүделі орындарды иеленіп келеді. Биылғы жылы Алматы мектептерінің 78054 түлегі үшін соңғы қоңырау соғылды. Облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы білім басқармаларының ақпаратына сүйенсек, биыл республикалық мектептерде «Алтын белгі» белгісінен 6280 бітіруші үмітті. Лицей бітірушілерінің  6-ауы «Алтын белгі», 5-еуі «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Ендігі меже – оқушылар барлық сынақтардан сүрінбей-сәтті өтіп, көңілі қалаған Жоғары оқу орнынының студенті атану. Ал ұлт болашағының шын ұстаханасы – лицей қолдан ұшырған қарлығаштарына ақ жолтай айтып, келесі ұрпақтарды тәрбиелеуді жалғастыра бермек. Өзге өзге сынып оқушылары үшін жазғы каникул кездерінде балалар үшін клубтар, үйірмелер, балалар лагерьлері жұмыс істейтін болады.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін түлектердің көптен күткен сәті де келеді. Түлектер суретке түсіп, жақындары оларға құттықтауларын айтты.

 Артта қалып балғын шағы — ертегі,
Дәл бүгіннен басталады ертеңі.
Алып шығар ашық, терең теңізге
Арман атты ақ кеменің желкені.

Бойға жиған салт-дәстүр мен мұраны,
Ел мүддесі болсын асқақ ұраны
Мәртебесін көтеретін биікке
Жас түлектер — тәуелсіз ел қыраны!

Асқан сайын өмір-жолдың өткелін,
Жастық шағың — сағындырар көктемің.
Тілекшің боп тұрады ылғи анаңдай
Алыстағы алтын ұя мектебің…

Жас түлектер қақты бүгін қанатын,
Сәулелік күн жүрекке от жағатын.
Кім ұмытар қоңыраудың сыңғырын
Жүрегіңе мәңгі ұялап қалатын!

 

 

 

 

 

 

 

«БАБАЛАР ІЗІМЕН…» елтану-экскурсиялық маршруты

«Алматы-Аягөз-Абай-Семей-Алматы» бағыты

«АБАЙ ЖОЛЫ» — РУХАНИЯТ ЖОЛЫ!

40 оқушыдан құралған «Жас зерттеушілер» вагонының Абай елінен көрген көздерегі.

«KZ ТАБИҒИ СУЫ» АРНАЙЫ ЖОБАСЫ туралы арнайы nur.kz

Махатма Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 лицейде алғаш рет суды зерттейтін мектеп зертханасы ашылды. Кәсіби зертхананы дарынды балаларға Asia Waters халықаралық холдингі сыйға тартқан деп хабарлайды NUR.KZ.
Зертхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы Бостандық ауданының білім беру бөлімінің басшысы мен «Нұр Отан» партиясының Бостандық ауданы бойынша төрағасының бірінші орынбасары қатысты.

Өндіруші компания сыйға тартқан зертхана ауыз су мен емдік суды 19 параметр бойынша толыққанды зерттеуден өткізеді. Сонымен бірге физиологиялық құрамын анықтап, оның адам ағзасына қаншалықты пайдалы, ішуге жарамды екенін зерттеуге мүмкіндік бермек.
Мұндай зертханалар тек ауыз су шығаратын кәсіпорындар мен СЭС-тарда ғана бар екенін айта кеткен жөн.

Ерұлан Жиенбаев
Махатма Ганди атындағы №92 лицей директоры:
«Біз жаңа кезеңде өмір сүріп отырмыз.Практикалық білімнің маңызы зор. Сондықтан су ресурстары зертханасының ашылуы – біздің мектеп үшін үлкен жаңалық.
Asia Waters холдингінің арқасында оқушыларымыз судың адам ағзасына әсерін зерттеу туралы жоспарларын іске асыруға мүмкіндік алды. Олар судың ғылымға белгісіз жаңа қасиеттерін ашуды армандап келді. Бәлкім, бұл жаңалықтар лицей қабырғасында ашылатын болар?!». 
Оқушылардың жоспары, шын мәнінде ауқымды. Себебі, оныншы сынып оқушысы Мәди Қадылбектің айтуынша, оқушылар суды тұрақты түрде зерттеуді қолға алмақ.
Мәди Қадылбек
10 — сынып оқушысы:
«Жаңа технологиялар ғасырында адамзат табиғи ресурстарға көбірек назар аударуы керек. Мұндай табиғи ресурстар қатарына ауыз су да жатады. Біз суды күнделікті тұтынғанымызбен, оның қасиеттері туралы толық біле бермейміз. Қазақстандық ауыз суларды тұрақты түрде зерттеп, ел тұрғындарын олардың құрамы жөнінде ақпараттандыруды жоспарлап отырмыз»

Айта кету керек, зертхана арнайы жабдықпен толыққанды жабдықталған. Олар: аквадистиллятор, микроскоп, кептіру және сору құрылғылары, қыздыру пештері мен плиталары, судың pH-балансы мен лайлылығын өлшейтін құралдар, спектрофотометр, кондуктометрлер. Сондай-ақ, зертханада оқу жылының соңына дейін толық жететін қажетті жиһаз, ыдыс, қорғаныс құралдары мен химиялық реактивтер бар.

Зертхананың монтажын Asia Waters ғылыми-зерттеу бөлімшесінің мамандары 2016 жылғы желтоқсан айында жасаған. Ал 2017 жылдың басынан бастап лицей оқушылары Алматы мен Алматы облысындағы кей қайнар көздерге талдау жасап үлгерген.

Сонымен бірге, оқушылар химия-биологиялық көрсеткіштері мен минералды құрамы көрсетілген топографиялық карта әзірлеу жұмысына кірісіп кеткен.

Енді оқушылар Алматыдағы дүкен сөрелерінде сатылатын бөтелкеге құйылған барлық суларға ғылыми талдау жасауды жоспарлап отыр. Олар сатылымдағы сулардың ҚР мемлекетттік сулар стандарты мен ауыз сулардың физиологиялық толыққандылық халықаралық стандарттына сәйкестігін тексермек.

Зертхананы іске қосу аясында лицей оқушылары мен ондағы бейінді оқытушылар құрамы

арнайы жабдықтың жұмыс істеу қағидалары бойынша оқытудан өтті. Сонымен бірге су ерітінділерін әзірлеу мен су талдауын жасау тәжірибесін үйренді.

Сондай-ақ, «Су биотехнологиялары» ғылыми-зерттеу зертханасының салтанатты ашылу рәсімі шеңберінде М.Ганди атындағы №92 лицейде қалалық ғылыми-экспериментальды көрме өтіп, оған Алматыдағы мектептерден 1500 оқушы қатысты.

Бүгінгі таңда Ганди атындағы №92 лицей инновациялық білім беру технологияларының 12 патентіне ие. Лицейдегі оқыту физика-ғарыштық, химия-биологиялық, IT технологиялары секілді үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Ал «Су биотехнологиялары» зертханасы пайда болғалы бері жаңа жылдан бастап химия-биология бағытындағы оқушыларға арнап факултативті сабақтар енгізу жоспарда бар.

http://special.nur.kz/water-kz-school-kaz

5-сынып оқушылары «Жас Ұландықтар» қатарына қабылданды

Бүгін Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінде Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер  ұйымы Республикалық қоғамдық    бірлестігінің  мүшелігіне  салтанатты қабылдау жиыны болып өтті.

«Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша  2011 жылы  6 шілдеде құрылған болатын.

«Жас Ұлан» — өскелең ұрпақты жоғары рухани — адамгершілік құндылықтар,  гуманистік,  толеранттылық пен демократиялық ұстанымдарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында қалыптастыратын ұйым.

«Жас Ұлан» Республикалық балалар мен жасөспірімдер  ұйымына қабылданушылар, салтанатты ант беру рәсіміне сап түзеңіздер!

Ант қабылдау рәсімі 5 «ә» 

сынып оқушылары  Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына кіре отырып:   «Өз Отанымыз — Қазақстан Республикасының патриоты болуға,

  • Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, дәріптеуге,
  • Туған елім, жерім, Отанымды мақтан етуге,
  • Ата-анамды қадірлеуге,
  • Үлкенге-құрмет , кішіге ізет көрсетуге,
  • Білімге табандылықпен ұмтылуға;
  • Салауатты өмір салтын ұстануға,
  • Табиғатты аялауға,
  • «Жас Ұлан» Ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарымнан  талап етуге,

Біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі  негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге салтанатты түрде    Бірге    АНТ ЕТЕМІЗ!     АНТ ЕТЕМІЗ!    АНТ ЕТЕМІЗ!»

Шара барысында ҚР туы мен ЖасҰлан Туын шыгаруға арналған МАРШы орындалып, жоғары сынып оқушылары мен белсенді жасұландықтар арнайы символдық галстуктерін байлап, өз қатарларына қабылдады.

Шарадан фотобаян:

 

 

«БАБАЛАР ІЗІМЕН…» Абай еліне саяхат

«Алматы — АБАЙ — Семей» сапары

 №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған лицейі «ҰЛЫ ДАЛА ТӨСІНДЕ» атты ӘДЕБИ-ТАРИХИ ТАНЫМДЫҚ ЛИЦЕЙ ЭКСКУРСИЯ ТОБЫ 06.05-09.05 күндері арнайы ШҚО, Аягөз ауд. — Абай ауд. — Семей қ. бағытында тәрбиелік мәні зор саяхат ұйымдастырылды. 50-ге жуық лицей ұстаздары мен оқушыларынан құрылған топ 2200-ден астам шақырым жол жүрсе де қызықты саяхаттың әсерінен шаршап-шалдығуға бой алдырмады. «Болашаққа бағдар: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» иделогиялық бағдарламалық мақалада көрсетілген «ТУҒАН ЖЕР» жобасы аясында «АЛАШОРДА» үкіметінің құрылуының 100 жылдығы мен заңғар жазушы-энциклопедист М.ӘУЕЗОВТІҢ 120 жылдық мерейтойы қарсаңында «БАБАЛАР ІЗІМЕН» сериялық экскурсиясын алдағы уақытта мәдени өнімдерді зерттеп-талдаушы экспедициялық деңгейге көтеру жоспарлануда. Жастардың бойына отансүйгіштік қасиетін сіңіріп, оның маздауына себеп болатын аталмыш бастамалардың септігі орасан. Эксурсия барысында оқушыларға Абайтану курсы бойынша берілген проблемалық тақырыптарды талдау арқылы «ВАГОНДАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК БАЙҚАУ» жүргізіліп, Абай-Шәкәрім кесенелеріндегі аспанасты амфитеатрында ақындардың жырлары құранмен қоса қайта-қайта бағышталды. Көтеріңкі көңіл күймен, рухани мол байлықпен оралғандар Семей — Шағыл — Күшікбай кезеңі — Бөрілі — Ералы жазығы — Еңлік-Кебек — Қарауыл — Жидебай бағыты бойынша жүріп, «Абай жолы роман-эпопеясындағы тарихи оқиғалар мен жерлермен танысып қайтты.
Лицей оқушылары сапар соңында өз әсерлерін айтысып, эссе түрінде ақ қағазға түсірді. 

                              (Күшікбай батыр асуы)

Шара барысында Абай аудандық оқу бөліміне қарасты Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі мен №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған лицей арасында өзара «Абайтану» орталығы бойынша желілік қоғамдастық құру арқылы жаңа жұмыс жоспарлары талқыланды. Алдағы уақытта Абайтану өрісін оқушылар арасында онлайн-лингафонды режимде көпвекторлы қарым-қатынасты арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Экскурсияның табысты әрі қызықты өтуіне қолдау көрсеткен Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің директоры Тлеуханов Роллан Рымханұлы мен мектеп ұжымына, сондай-ақ ұшса құстың қанаты талатын алыс қашықтықтарды жақындатқан екі автобус жүргізушілеріне, һәм мереке күндері демалыссыз қызмет көрсетіп, бар білгенін бөліскен мұражай қызметкерлеріне зор алғысымызды білдіреміз.
«Басқаның жерұйығын неғылайын
Жерұйығы өзімнің қасымда екен!» деген кәделі ой түйіп қайтқан жастардың көздері от шарпып тұр.
Бүтін ұлт абызы Асан қайғының
«Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін» — дейтіні бар. Ел-жер көріп, жақсысына сүйсініп, үлгі еткен де бәйге озары анық.

 

«БОЛАШАҚ МАМАНДЫҚТАР» туралы вебинар өтті

Бүгін Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінде Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі  басқармасының   жастарды білім, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктермен қамтамасыз ету, құлағдандыру мақсатында 9, 10, 11 сынып  оқушылары  үшін «Болашақ мамандықтары» атты ақпараттық таныстырылым онлайн вебинары болып өтті. Лицей директоры Жиенбаев Ерұлан Әсентайұлының жүргізуімен басқарманың  үгіттік материалдары онлайн режмде өтті. 7 млрд-тан асқан Жер шары тұрғындарының алдағы уақытта өсу болжамдары, жаңа ғасыр қажетсінетін тың-интеграциялық кәсіп-мамандықтар мен жойылуы ықтимал персондар туралы тұщымды ақпар берілді. Заманың түлкі болса, тазы болып шал дейтін даналар ізімен әр дәуірдің, өзің тіршілік кешіп отырған уақыт пен кеңістіктің ауажайын, қажеттілігін танып-зерттеп, таба білу — қателіктерді тудырмайтын аса маңызды мәселе!

Мамандық таңдау – маңызды іс. Уақыт өте дәстүрлі мамандықтар сұраныстан айырылып, жаңа маман иелері пайда болады. Заманның ағынынан қалмай, жаңадан пайда болатын болашақ мамандықтарға дағдыланайық.

Fast Future британдық агенттіктің футурологтары 2030 жылы сұранысқа ие болып, кең жайылатын мамандықтардың тізімін болжады. Дәстүрлі кеңселік жұмыстан шаршаған жандардың құлағына алтын сырға, қазірден бастап дайындалсаңыз, жаңа жұмысқа қажет машықтарды жақсарта аласыз. Сонымен, айналдырған 17 жылдан кейін заманауи инженерлер мен сату бойынша менеджерлердің орнына мынандай маман иелері қажет болады:

Наномедицина қызметкері – адам денесінің мүшелерін қайта жасайтын маман.

Ғылым жетістіктері этикасының маманы. Бұл кісі адамдарды клондау, өлілерді тірілту сынды адам өмірі мен өлімінің этикасына қатысты мәселелерді шешу керек. Ғалымдардың ойлауынша, ол уақытқа дейін өмір мен өлім адам қолында болады екен.

Ғарыш туризм мамандары: ұшқыштар, бортинженерлер мен гидтар. Дамыған технология ғарышқа саяхаттауға мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Жер болашақта үлкен құндылыққа айналып, жерді үнемдеу өмірдің кез келген саласында байқалады. Өндіріс пен шаруашылық көп жерді алмас үшін, «тігінен тұратын фермалар мен өндіріс орындары» көбейеді. Осы салада жұмыс істей алатын мамандардың қажеттілігі де артады.

Климат өзгерісі бойынша маман болашақта ең жиі кездесетін мамандықтардың қатарында болады.

Қарт кісілердің денсаулығын күтуші маман тек үлкен кісілерге медициналық көмек көрсететін болады. Адамның табиғи есін жақсартып, «жадысын» көбейтетін арнайы хирург пайда болады.

Ауа райы полициясы бұзылып кеткен ауа-райын қалпына келтіреді-мыс.

Виртуалды құқықтың заңгері қарапайым заңгерлерден де үлкен сұранысқа ие болады.

Қозғалыс көліктеріне балама ойлап табатын кісілер де қоғамға өте қажет болады.

Жеке журналист біреудің жеке БАҚ-ында жұмыс жасайды, олардың саны күрт көбейеді.

Инфоқоқысшы компьютеріңізден артық ақпаратты өшіріп отырады.

Ал виртуалды әлемді жинастыратын адам электронды пошта, гаджеттер мен компьютердегі файл мен папкаларды реттеп береді.

Уақыт биржасындағы брокер мамандығы қазіргі ақша брокеріндей танымал болады.

Қоғамдық желідегі қоғамдық қызметкер. Бұл кісі қоғамдық желілер арқылы жағдайы төмен, жаман әдеттерге шалдыққан қолданушыларға көмекке келеді.

Жеке бренд-менеджер. Қазіргі пиар-менеджерлері сияқты белгілі біреу туралы басқалар арасында жақсы ой қалыптастыруға тырысады. Қазірде мұндай жұмысшы жұлдыздарда ғана болса, болашақта әр адамның өз бренд-менеджері пайда болады.

Ал сіз болашақта қандай маман иегері болғыңыз келеді?

ВАКАНСИЯ! КІТАПХАНАШЫ…

ВАКАНСИЯ

М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей кітапханашы қызметіне  бос вакансия бойынша конкурс жариялайды.

Түйіндемені мына эл.почтага жібере аласыздар: sshlod92@mail.ru

Қабылдау бөлімі:248-30-40

№92 лицей оқушылары Ғылыми-техникалық шығармашылық және робот техникасы бойынша Алматы қаласының IV ашық чемпионатының жүлдегерлері

Ғылыми-техникалық шығармашылық және робот техникасы бойынша Алматы қаласының IV ашық чемпионаты

Ағымдағы жылдың көкек айының 29 мен 30 аралығында Оқушылар сарайында ғылыми-техникалық шығармашылық және робот техникасы бойынша Алматы қаласының IV ашық чемпионаты өткізілді. Чемпионатты ұйымдастырушы «Алматы қаласы Білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болды.

Бірлесе ұйымдастырушылар: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстандық жобаларды басқару институты» ҚҚ, «Direct Services» ЖШС, «Love to Code» ЖШС, «Мектептегі сабақтар» ЖШС және «American Cornerand Maker Space Almaty» жобасы. Чемпионатқа қолдау көрсеткендер «Эйр Астана» АҚ, «Siemens» корпорациясы және «Казинтерсервис» компаниясы, «iPoint Kazakhstan» компаниясы, «Қ.И. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ технопаркі» ЖШС, «NewtechDistribution» ЖШС, «Robo-tech.kz» ЖК. Чемпионаттың басты мақсаты — балалар мен жастардың жоғары технологиялық өндіріске, инновациялар мен инженерлік әзірлемелерге деген қызығушылығын арттыру болып табылды. Чемпионат техникалық шығармашылық саласындағы талантты балалар мен жастарды анықтау және оларға қолдау көрсетуге бағытталды.

Қазақстанның барлық облыстары қамтылған чемпионатқа барлығы 210 команда қатысты, 600-ге жуық оқушы. Барлық командалар кіші, орта және ересектер жас санатына. Чемпионат екі бағытта өткізілді: «Жобалар» және «Жарыстар». «Жобалар» бағыты аясында келесі конкурстар өткізілді:

— инженерлік жоба;

— бағдарламалық жоба;

Қатысқан 210 команда ішінен топ жарып «Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі»КММ-нің командасы топ жарып, жеңімпаздар биігінен көрінді.
«Бағдарламалық жоба» конкурсының жүлдегерлері «92 Robots» команда атауымен шыққан 7 сынып оқушылары  Зпаш Бауыржан мен Әкімжанов Қайыржан «Сумо» номинациясы  бойынша 3-дәрежелі дипломмен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша: «…осындай чемпионаттарды өткізу еліміздің талантты жастары – Қазақстанның ұлттық экономикасының заманауи салаларына арналған болашақ инженер-техник кадрларды анықтауға, оқытуға, іріктеуге және одан әрі қолдау көрсетуге көмектеседі».   

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 72 жыл! Ұрпақтар ұмытпайды!

45-тің 9-шы майы — ТОЛЫҚ МАҒЫНАДАҒЫ АДАМШЫЛЫҚТЫҢ ЖЕҢІСІ

Жер — дүниені дір сілкінткен соғыс өртінің сөнгеніне биыл 72 жыл толып отыр. Елімізге зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ жоқ десе де болады.
Бұл соғыстағы жеңісте қазақ халқы талай боздақтарынан айырылды. Әкелеріміз бен ағаларымыз қан майданда толарсақтан саз кешіп, жанкешті қаһармандылығымен басқа ұлттар алдында өздерінің ерлігін көрсете білді. Бабалар ерлігін елдігін «Мәңгі» етпекке ұмтылған жаңа буын-жас ұрпақ №92 Махатма Ганди атындағы мамандандырылған лицей қабырғасында еске алып, қаран есіл ерлер рухына тағзым етті. Бүгінгі мәдениет пен ғылым майданында бой емес, ой жарстыру керектігі, тәуелсіздікке барар жолда қаншалықты қуат қажет болса, бейбіт күннің ашық аспанына бұлт үйрілтпей тұрақты болу үшін де соншалықты қайрат-күрес қажеттілігі тереңінен түсіндірілді. Соғыс жағдайынан эпизодтар сахналанып, оқ пен от шарпыған түнекті кездерден көрініс беретін ән-би шырқалып-ырғалды.
Сол сұрапыл соғыстың алғашқы сәттерінен — ақ, қазақстандық жауынгерлер Бөгенбай мен Қабанбайдың, Наурызбай мен Райымбектің, Махамбет пен Исатайдың ұрпақтарына лайық ұрыс салды. Ажалда қасқайып қарсы тұрған қаһармандарды басқалар еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Бауыржан мен Төлеген, Нүркен мен Талғат, Рақымжан мен Қасым, шығыстың қос жұлдыздары Әлия, Хиуаз бен Мәншүк сынды ерлер халқының батыр екендігі жайында кеңінен өнегелік әңгімелер қозғалды.
Жастық шақтың жалындаған шағын толарсақтан саз кеше жүріп, Отан деген ұлы сезім үшін кеуделерін оққа төсеп, Жеңіс күнін жақындатуға жұмсаған Ұлы Отан соғысының жауынгерлері үшін мамырдың 9 — ы өліп — тірілген күнмен бірдей. Қаншама боздақ бұған жете алмай, қыршынынан қиылды. Жеткендерінің алды бүгін тоқсаннан асқан, соңы сексеннің сеңгіріне шыққан ақ жаулықты әжелер мен аталар.
Жас ұрпақ сіздердің алдарыңызда борышты. Олар сіздер қасық қандарыңыз қалғанша күресіп, жаудан аман — есен қалған бейбітшілік құнының баға жеткізгісіз қымбат екендігін біліп, оның өмір бойы аялап өтеді.
Жеңістен соң қаншама арман мен үміт ұрыс даласында жер бауырлап қалды. Әр жеңістен соң ананың көзінен аққан гауһар тамшы омырауда қақ болып қатты. Жеңіс осылай келгендігі, қырманға суырылған әр дән аталардың жауға қарсы кезенген қаруына оқ болып енгені, бәрі де қымбат. Кейінгі ұрпаққа қолмен нұсқап, «әне, Отан үшін от кешкен аталар, соған ұқсап бақ!» деп айта алатын кезеңдеміз. Сол үшін де бақыттымыз!